Осындай ұлы ұғымды ұлықтауға арналған «Тіл – әр халықтың асыл қазынасы» атты айлықтың ашылу салтанаты жоғары деңгейде, мазмұнды әрі тағылымды түрде өтті.
Шара шымылдығы үш тұғырлы тіл – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқылған жүрек тебірентерлік өлең жолдарымен ашылды. Оқушылардың әсерлі, сыршыл орындауындағы жырлар көрерменнің көңіл пернесін дөп басты. Әр тіл – өз иесінің үні, тарихы мен тағдыры екені көрініс тапты.
Іс-шара барысында тек тіл мерекесімен шектелмей, барлық пәндер бойынша танымдық ойындар мен сайыстар ұйымдастырылды. Ойындар барысында оқушылар тапқырлықтарын, білімдерін, ой-ұшқырлықтарын көрсетті. Әр пәннің өзіндік ерекшелігіне сай безендірілген бұрыштар, түрлі логикалық тапсырмалар, сұрақ-жауаптар, жұмбақ шешу мен викториналар қатысушылардың белсенділігін арттырды.
Сайыс соңында білім мен тапқырлық таныта білген оқушыларға арнайы сыйлықтар мен мадақтамалар табысталды. Бұл өз кезегінде балалардың мерекелік көңіл күйін еселей түсті.
Жалпы, ашылу салтанаты – айлықтың мазмұнды әрі әсерлі бастамасы болды. Тілге деген құрметтің, ұлттық рухтың, білім мен тәрбиенің тоғысқан тағылымды кеші көпшілік көңілінде терең із қалдырды.